"Милан", ПСЖ және "Барселона" сапында өнер көрсеткен Златан Ибрагимович өзін "Алтын допқа" лайықпын деп мәлімдеген Килиан Мбаппеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Швециялық футболшы соңғы уақытта франциялықтың өзі және өз амбициялары туралы жиі айта бастағанын атап өтті.
"Меніңше, БАҚ өкілдері ақыры оның басына кіріп, ойын өзгертетін тәсіл тапқан сияқты. Өйткені бұған дейін Килиан өзі туралы көп айта бермейтін.
Қазір ол маған сол клубта ойнаған бір футболшыны еске түсіреді. Бәрі кім туралы айтып тұрғанымды түсінеді, сондықтан оның атын атамай-ақ қояйын", - деп береді Ибрагимовичтің сөзін 443 (comentario).
Сонымен қатар Ибрагимович командалық деңгейде ірі трофей жеңіп алмаса да, Мбаппе мойындауға лайықты деген ойда.
"Килиан - өте мықты футболшы. Менің ойымша, ол ешқандай трофей жеңіп алмаса да, мойындауға лайық. Оның жеке жетістіктері мен деңгейі оны жүлдеге үміткерлердің бірі ретінде атауға толық негіз береді".
Златан Мбаппенің өзіне деген сенімділігін әркім әртүрлі қабылдауы мүмкін екеніне де назар аударды.
"Оның сұхбаттардағы кейбір сөздері жанкүйерлердің бір бөлігін хейтерге айналдыруы мүмкін. Мен оның қателесіп жатқанын айтып тұрған жоқпын, өйткені ол шынымен де әлемдегі үздік футболшылардың бірі. Бірақ жанкүйерлер қарапайым әрі кішіпейіл ойыншыларды жақсы көреді.
Кейде адамдар футболшыға оның мінезі мен өзін-өзі ұстауы ұнайтындықтан ғана дауыс береді. Мұны көбі мойындағысы келмесе де, бұл олардың пікіріне әсер етеді".
Ал Ибрагимовичтің өзі бұл мәселеге мүлде басқаша қарайтынын айтты. Оның пікірінше, футболшы өзін үздік санаса, бұл туралы ашық айтудан қорықпауы керек.
"Бірақ Златанның болмысы басқаша. Егер өзіңді үздік санасаң - оны айт. Бір нәрсеге лайық екеніңе сенімді болсаң, біреуге ұнамауы мүмкін деп неге жасыруың керек?"
Егер жүлдені мен табыстайтын болсам, оны Килиан Мбаппеге де берер едім. Оның өзіне деген сенімі, табандылығы және ең бастысы, осы жүлдеге лайық болғаны үшін", - деп сөзін түйіндеді Ибрагимович.
Мбаппенің карьерасы: басты жеңістері, жүлделері мен рекордтары
Килиан Мбаппе клуб деңгейінде де, Франция құрамасы сапында да командалық және жеке жүлделердің қомақты топтамасын жинады. Франциялық футболшының басты жетістіктерінің бірі - 2018 жылғы әлем чемпионатындағы жеңісі. Төрт жылдан кейін Мбаппе ұлттық құрамамен бірге әлем чемпионатының финалына дейін жетсе, 2021 жылы УЕФА Ұлттар лигасында жеңімпаз атанды.
Мбаппенің нәтижелілік бойынша бірқатар рекорды бар. Ол 66 голмен Франция құрамасы тарихындағы үздік сұрмерген саналады. Әлем чемпионаттарында 22 гол соғып, турнир тарихындағы ең нәтижелі футболшы атанды.
Сонымен қатар ол 2022 және 2026 жылдардағы екі әлем чемпионатында қатар үздік сұрмерген атанған алғашқы футболшы болды.
Клуб деңгейінде Мбаппе Франция чемпионы атағын жеті рет жеңіп алды: бір рет "Монакомен", тағы алты рет ПСЖ сапында. Париждік клубпен бірге Франция кубогін төрт рет иеленді. Мадридтік "Реалға" ауысқаннан кейін франциялық футболшы өзінің жүлделер топтамасын ФИФА-ның Құрлықаралық кубогі және УЕФА Суперкубогі трофейлерімен толықтырды.
Мбаппенің жеке жүлделерінің қатарында "Алтын бутсы" мен 2017 жылы алған Golden Boy марапаты бар.