Франция футболының аңыз ойыншысы әрі бапкері Зинедин Зиданның кіші ұлы Эльяз Зидан жаңа клубындағы алғашқы ойынында жарқын дебют жасады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Зидан жеңіс голына ассист жасады
20 жастағы қорғаушы Францияның Лига 2 чемпионатының алғашқы турында Париждің "Ред Стар" клубының негізгі құрамында алаңға шықты. Ол командасына Францияның сегіз дүркін чемпионы "Нантты" 1:0 есебімен жеңуге көмектесті.
Эльяз матчты толық өткізіп, жалғыз голдың соғылуына тікелей қатысты. Оның нәтижелі пасынан кейін Кевин Кабраль жеңіс голын соқты.
Flashscore статистикалық порталы қорғаушының ойынына жоғары баға беріп, оны кездесудің үздік ойыншысы деп таныды. Зидан 8,5 балл алды – бұл матчтағы барлық футболшылар арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Салыстыру үшін, жеңіс голының авторы Кабраль 7,8 баллға ие болды.
Эльяз Зидан кім?
2026 жылдың шілде айының басында "Ред Стар" клубы Эльяз Зиданмен келісімшартқа отырғанын ресми түрде жариялады. Жас қорғаушы үшін бұл трансфер Испанияда өткізген бірнеше жылдан кейін мансабының жаңа кезеңіне бастау болды.
Зидан – Мадридтің "Реал" академиясының түлегі. Ол "корольдік клуб" жүйесінде он жылдан астам уақыт болды. 2024 жылдың қаңтарында Эльяз "Реалдың" құрылымынан кетіп, "Бетис" жүйесіне ауысты. Өткен маусымда Зидан севильялық клубтың екінші командасында өнер көрсетті. Қорғаушы 17 матчқа қатысқанымен, нәтижелі әрекеттерімен көзге түсе алмады.
Франция құрамасының жаңа бас бапкерінің ұлы
Эльяз – әлем футболы тарихындағы ең танымал ойыншылардың бірі Зинедин Зиданның кіші ұлы.
Айта кетейік, оның әкесі жақында Франция ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды.
Жарнама