Француз маманы Зинедин Зидан төрт жылдан бері жұмыссыз жүргенімен, әлі күнге дейін ең беделді клубтардың бапкерлік тізімінен түскен жоқ, деп хабарлайды Vesti.kz Mirror басылымына сілтеме жасап.
Бұрынғы «Реал» жаттықтырушысы Мадрид клубымен бірге екі мәрте Ла Лига титулын жеңіп алып, үш жыл қатарынан Чемпиондар лигасында жеңіске жеткен.
53 жастағы бапкер 2021 жылы «Реалдан» кеткенімен, оған деген қызығушылық бәсеңдеген жоқ. Бұған дейін Зиданды «Манчестер Юнайтедке» Рубен Аморим тағайындалмай тұрып-ақ байланыстырып келген, ал биыл бұл тақырып қайтадан жанданды.
«Ешқашан “ешқашан” деме»
2022 жылы L’Équipe басылымына берген сұхбатында Зидан Англияда жұмыс істеу нұсқасын қарастыруға дайын екенін, бірақ белгілі бір шарттар орындалуы тиіс екенін айтқан.
«Ешқашан “ешқашан” деме. Егер клубқа оралсам, ол тек жеңіс үшін болады. Сондықтан мен кез келген жерге бара алмаймын. Мысалы, маған “Манчестер Юнайтедті” басқарғың келе ме?” деп сұрағанда, мен ағылшынша түсінемін, бірақ еркін сөйлей алмаймын.
Кей бапкерлер тілді білмей-ақ жұмыс істейді, бірақ менің тәсілім басқа. Жеңіске жету үшін көптеген фактор қажет — бұл тұтас жүйе. Мен не керек екенін жақсы білемін».
«Бетис» базасына баруы – жаңа қауесеттердің себебі
Зидан қазір ағылшын тілін жетік меңгерді ме, белгісіз. Дегенмен өткен жылы ол ұлы Эльяс жаттығатын «Бетис» клубының базасына барғаннан кейін, БАҚ оның қайта бапкерлікке оралатыны туралы жаңа сыбыстар таратты.
Арман – Франция құрамасы
«Манчестер Юнайтед» жайлы үнемі айтылып жүргенімен, Зидан өз арманы – Франция құрамасын басқару екенін жасырмайды. Мұндай мүмкіндік 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін туындауы мүмкін, өйткені Дидье Дешам сол кезде өз орнын босатуы ықтимал.
«Мен міндетті түрде ораламын. Бір күні ұлттық құраманы басқарғым келеді, бірақ дәл қазір емес. Күтейік, бәрі қалай өрбитінін көреміз».
Сонымен қатар Зидан «Ювентусқа» деген жылы сезімдеріне қарамастан, әзірге туриндік клубты жаттықтыру жоспары жоқ екенін айтты:
«“Юве” әрқашан менің жүрегімде. Бұл клуб маған көп нәрсе берді. Болашақта не болатынын – уақыт көрсетеді».
Айта кетейік, Зидан өзінің жаттықтырушылық мансабында тек мадридтік “Реалды” басқарған — 2016–2018 және 2019–2021 жылдары.
Жарнама