Кезінде мадридтік "Реалды" жаттықтырған Зинедин Зидан "корольдік клубта" табысқа жету үшін бас бапкер қандай болуы керегін түсіндірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Реалда" бапкер ойыншыларға қызмет етеді. Меніңше, табыстың кілті де осында: сен әрдайым футболшының жанында болуың керек. Егер мұны сезінбесең, бұл клубта ұзақ тұрақтай алмайсың. Біз ойыншыларды қолдау үшін келеміз, олардың жалғыз емес екенін көрсетуіміз қажет. Ойыншылар сенің идеяларыңды қабылдауы үшін, футболшыларға сенің не істеп жатқаның ұнауы тиіс. Егер олар сенің шешімдеріңмен толықтай келіспесе, әрдайым бір нәрсе жетіспей тұрады.
Біздің тұста команда футболдан шынайы ләззат алды. Біз ойыншыларға өз күшіне деген сенімді қайтардық. Олар қиын кезеңнен өткен еді - сенім, физикалық форма, жалпы күйдің бәрін қайта қалпына келтіру керек болды. Біздің бапкерлер штабы осының бәрін жүйелі түрде қалпына келтіруге мүмкіндік беретін орта құрды. Ал егер ойыншы өзін мықты сезініп, жаттығуға қуана келіп, алаңға шығуға ынтық болса - ол маусым соңында барлық титулды жеңіп алады", - деп береді Зиданның сөзін Goal.
Айта кетейік, Зинедин Зидан "Реал" тарихындағы ең табысты бапкерлердің бірі. Оның басшылығымен мадридтік клуб екі рет Испания чемпионы атанып, ел Суперкубогын жеңіп алды, үш мәрте Чемпиондар лигасын ұтты. Сондай-ақ, УЕФА Суперкубогы мен клубтар арасындағы әлем чемпионатын да екі рет жеңіп алған.
Жарнама