Африка ұлттар кубогінің 1/8 финалында Алжир мен Конго Демократиялық Республикасы құрамалары арасында матч өтті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Матч Марокконың Рабат қаласындағы "Мула Әл-Хассан" стадионында өтті. Негізгі уақытта есеп ашылмай, командалар 0:0 есебімен тең болып тұрды. Жеңімпаз қосымша уақытта анықталды.
Алжирге жеңіс сыйлаған жалғыз голды 119-минутта Адиль Бульбина соқты - 1:0.
Осылайша, Алжир құрамасы турнирдің 1/4 финалына жолдама алып, келесі кезеңде Нигерия құрамасымен кездеседі.
Қақпаны Зиданның ұлы қорғап тұрды
Айта кетейік, Алжир құрамасының қақпасын бұл ойында аты аңызға айналған Зинедин Зиданның ұлы - Люка Зидан қорғады. Топтық кезеңдегі үш матчта ол бар болғаны бір ғана гол жіберіп, оның командасы үш ойында да жеңіске жеткен.
Қыркүйек айында Люка Зидан ресми түрде спорттық азаматтығын өзгертіп, Алжир құрамасында ойнауға құқық алған. Бұған дейін ол Францияның негізгі ұлттық құрамасына шақырту алмай, Дидье Дешамның жоспарларына кірмеген. Осыдан кейін әкесінің отаны - Алжир құрамасы үшін ойнайтын болып шешті.
Суданға қарсы матчта Зидан Алжир құрамасындағы алғашқы ірі турнирлік ойынын өткізіп, қақпасын берік қорғап, бірде-бір гол өткізбеген еді.
Жарнама