Франция құрамасының жаңадан тағайындалған бас бапкері Зинедин Зидан ұлттық команданың құрамына елеулі өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Vesti.kz.
Тчуамени, Камавинга және Канте құрамадан тыс қалуы мүмкін
Алғашқы өзгерістер жартылай қорғау шебіне қатысты болуы ықтимал. Зидан қазір бабында жүрген ойыншыларға басымдық беруді көздеп отыр.
FrenchFootballWeekly мәліметінше, мадридтік "Реалдың" жартылай қорғаушысы Орельен Тчуамени құрамадан шет қалуы мүмкін негізгі үміткерлердің бірі. Футболшы соңғы уақытта клубта да, ұлттық құрамада да бұрынғы деңгейін көрсете алмай жүр. Бұған қоса, Родридің "Реалға" ауысуы ықтимал деген ақпарат Тчуаменидің негізгі құрамдағы орнын одан әрі әлсіретуі мүмкін. Сондай-ақ БАҚ-та оның "Манчестер Юнайтедке" ауысуы мүмкін екені туралы да хабарлар тараған.
Қауіп төніп тұрған тағы бір ойыншы – Эдуардо Камавинга. Ол Франция құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатына арналған өтініміне енбей қалған болатын. Ал "Реалға" Жозе Моуриньюдің келуі оның клубтағы жағдайын да қиындатуы ықтимал.
Сонымен қатар, тәжірибелі жартылай қорғаушы Н'Голо Канте де жаңа жобаның бір бөлігі ретінде қарастырылмай отыр. Дереккөздердің мәліметінше, 35 жастағы әлем чемпионы ұзақмерзімді жоспарға енбейді.
Зидан сенім артатын ойыншылар
Соған қарамастан, жаңа бас бапкер бірнеше негізгі футболшыға сенім білдірмек. Олардың қатарында "Миланның" жартылай қорғаушысы Адриен Рабьо, "Романың" көшбасшысы Ману Коне және "Пари Сен-Жерменнің" жас жұлдызы Уоррен Заир-Эмери бар. Дәл осы футболшылар Зиданның тұсындағы Франция құрамасының орталық шебінің негізгі тірегіне айналуы мүмкін.
Франция құрамасына жаңа талант шақырылуы мүмкін
Зидан дәуіріндегі басты жаңалықтардың бірі 18 жастағы жартылай қорғаушы Руди Матондоның шақыртылу ықтималы. Жас футболшы өткен қыста "Осерден" "Париге" 15 миллион еуроға ауысып, Франция чемпионатының екінші бөлігінде жарқын ойын көрсетті.
Франция сарапшыларының пікірінше, Матондо ұлттық құрама сапындағы алғашқы шақыртуға өте жақын және Зиданның тұсындағы алғашқы жаңа есімдердің біріне айналуы мүмкін.
Жарнама