Футбол
Бүгін 10:09

Зидан аңыз футболшыны Франция құрамасына қайта қоспақ

©Depositphotos/vldv

Франция құрамасының бас бапкерлігіне басты үміткер Зинедин Зидан ұлттық құраманың бапкерлік штабын жасақтауға кірісті, деп хабарлайды Vesti.kz.

L’Equipe басылымының мәліметінше, қазіргі бас бапкер Дидье Дешам 2026 жылғы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін қызметінен кетуі мүмкін. Оның орнына негізгі үміткер ретінде Зидан қарастырылып отыр.

Зидан Бартезді ұлттық құрамаға қайтарғысы келеді

Дереккөздің хабарлауынша, мадридтік "Реалдың" бұрынғы жаттықтырушысы өз штабына Франция құрамасының экс-қақпашысы Фабьен Бартезді қосуды көздейді. Әлем чемпионы қақпашылар бапкері қызметін атқаруы мүмкін.

Айта кетейік, Бартез үшін ұлттық құрамадағы жұмыс жаңалық емес. Ол 2010 жылы Франция құрамасының бапкерлік штабында қызмет етіп, қақпашыларды дайындауға жауапты болған.

Франция футболының аңызы

Кәсіби мансабында Бартез "Тулуза", "Марсель", "Монако", "Манчестер Юнайтед" және "Нант" клубтарының намысын қорғады. Клубтық деңгейде сегіз трофей жеңіп алып, Чемпиондар лигасы мен Англия Премьер-лигасының екі дүркін чемпионы атанды.

Франция құрамасы сапында 87 матч өткізіп, әлем чемпионаты, Еуропа чемпионаты және Конфедерациялар кубогын жеңіп алды.

Франция құрамасында жаңа дәуір басталуы мүмкін

Дешам он жылдан астам уақыт бойы Франция құрамасын жаттықтырып келеді. Оның жетекшілігімен команда 2018 жылғы әлем чемпионатында топ жарып, халықаралық аренада бірқатар маңызды жетістіктерге қол жеткізді.

Алайда БАҚ мәліметінше, қазіргі мундиаль аяқталған соң Франция футбол федерациясы ұлттық құрамада жаңа кезеңді бастап, тізгінді Зиданға сеніп тапсыруға дайын.

Егер бұл тағайындау жүзеге асса, Фабьен Бартездің оралуы Зиданның алғашқы кадрлық шешімдерінің бірі болмақ.
 
 
 
 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport