Чили құрамасының ойыншысы Артуро Видальдің әкесі Эрасмо Видаль 62 жасында көз жұмды, деп хабарлайды "Матч ТВ".
Футболшының әкесі Сантьягодағы атпен серуендеу клубының аумағынан өлі табылған. Алдын ала нұсқа бойынша, ер адам жүрек талмасынан көз жұмған. Алайда полиция өлім себебін анықтап жатыр.
Артуро әкесімен сирек араласқаны айтылады. Өйткені ол футболшы бес жаста болғанда отбасынан кетіп қалған екен.
Еске салайық, 35 жастағы Видаль қазір "Фламенго" клубында ойнайды. Өзінің карьерасында ол "Интер", "Барселона", "Бавария", "Ювентус", "Байер 04", "Коло-Коло" командаларында өнер көрсеткен. Ал 2007 жылдан бері құрама сапына шақыртылып жүр.