Германия ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Йоахим Лёв түркиялық "Фенербахче" клубын тізгіндеуі мүмкін, деп хабарлады журналист Николо Скира.
"Фенербахче" 61 жастағы маманға үш жылдық келісімшарт ұсынған екен және қазір бапкерден жауап күтуде.
Осы аптада "Фенербахче" бас бапкер Витор Перейраның командадан кеткенін хабарлады. Ол түркиялық клубта бар болғаны 25 ойын өткізіп, оның он бірінде жеңіске жетіп, жетеуінде тең ойнады.
Йоахим Лёв Германия құрамасын 2006 жылдан бері жаттықтырып, өткен жаздағы Еуропа чемпионатынан кейін қызметінен кетті. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама алты ірі турнирге қатысып, 2014 жылы әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ, Германия құрамасы Еуропа чемпионатының күміс және екі мәрте қола жүлдесін, сонымен қоса, әлем чемпионатының қола жүлдесін қоржынға салды. 2017 жылы команда Конфедерация кубогін жеңіп алды.