Бразилиялық вингер Винисиус Жуниор жаңа бас бапкер Жозе Моуриньюдің жетекшілігімен өткен "Реалдағы" маусым алдындағы дайындықтың екінші күнінен кейін әсерін айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Барлығы өте жақсы өтті. Біз жаңа бапкермен және жаңа ойыншылармен таныстық, жаттығуда бар күшімізді салдық. Моуринью менің әрдайым қандай болғанымды қалайды: көңілді, позитивті болып, өз ойынымды көрсетуімді сұрады.
Маусым барысында жарақат аз болуы үшін физикалық тұрғыдан жақсы дайындалуымыз керек. Сонда команданың әрбір ойыншысына сенім арта аламыз.
Кеше екі жаттығу өткіздік, бүгін бір жаттығу болды. Алдағы уақытта да осылай жалғасады. Бүгін жаттығу залында жұмыс істеп, аяқ бұлшықеттеріне арналған қысқа, бірақ қарқынды жаттығулар орындадық. Жаттығу өте жақсы өтті, бәріміз қатты шаршадық. Маусым алдындағы дайындық дәл осылай өтеді, сондықтан біз толық дайын болуымыз керек", – деді футболшы клубтың баспасөз қызметіне.
Бұған дейін Винисиустың агенті Лондонға барғаны хабарланған болатын. Сондай-ақ бразилиялық шабуылшы мансабын "Арсеналда" жалғастыруы мүмкін екені айтылды. Лондондық клуб оның трансфері үшін рекордтық сома төлеуге дайын.
Винисиус "Реал" сапына 2018 жылы "Фламенгодан" 45 миллион еуроға ауысқан. Өткен маусымда ол мадридтік клуб құрамында барлық турнирде 53 матч өткізіп, 22 гол соғып, 14 нәтижелі пас берді.