Футбол
9 қыркүйек 2021 13:42

Валиуллин допинг қолданғанын мойындады ма? ҚФФ мәлімдеме жасады

©ҚФФ

Қазақстан құрамасының қорғаушысы Руслан Валиуллиннен допинг Конференция лигасында "Тобыл" командасының ойынынан кейін анықталған. Сондықтан бұл жағдай Қазақстан құрамасына ешқандай әсер етпейді. Мұндай мәлімдемені РИА Новостиге берген сұқбатында Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтхожин жасады. 

Қорғаушы 1 қыркүйек күні әлем чемпионатына іріктеуде Украина құрамасына қарсы ойын өткізді. Аталған ойында Руслан Валиуллин екі гол соққан еді. 

"Конференция лигасында "Жилинаға" қарсы екінші ойыннан (12 тамыз) кейін "Тобыл" сапында өнер көрсететін Валиуллин допинг-сынама тапсырды. Оның қорытындысы бойынша футболшының ағзасынан рұқсат етілмеген дәрмек табылған. Біз бұл мәселеге байланысты футболшымен сөйлестік. Оның айтуынша, ол дәрумен ішкен. Бірақ сол дәрумен рұқсат етілмеген препараттардың қатарында болған. Алайда Валиуллин мұны білмегенін айтты. Дегенмен де футболшының өзі дәруменді қолданғанын жасырмады", - деді Айтхожин. 

Бас хатшы сондай-ақ футболшының допинг-сынамасы туралы құжат Украинаға қарсы ойыннан кейін ертесіне келген. Сондықтан да бұл жағдай Қазақстан құрамасына еш әсерін тигізбейтінін айтты. 

"Клуб ресми құжаттарды дайындап жатыр. Қазақстан құрамасына бұл жағдайдың еш қатысы жоқ. Бұл клубтың мәселесі. Құжат (допинг-сынаманың нәтижесі) бізге 2 қыркүйек күні, Украинамен ойын болған күннің ертесіне келді. Сол ойында айтпақшы Валиуллин жарақат алды. Сондықтан келесі ойындарға қатыспады. Ол ұлттық құрамамен бірге жүрді. Бірақ жарақатын емдетті. Қазір Валиуллин клубында", - деді Айтхожин. 

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport