"Қайрат" командасының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин "Ақтөбе" командасына қарсы өткен ойында ауыр жарақат алған қақпашы Темірлан Анарбековтың қазіргі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Селтикке" қарсы матчте ерлік көрсеткен қақпашы, өкінішке қарай, алматылық клубтың Лиссабонның "Спортингіне" қарсы Чемпиондар лигасындағңы тарихи матчқа қатыса алмады.
Уразбахтиннің айтуынша, футболшының қалпына келуі жақсы қарқынмен жүріп жатыр, алайда 30 қыркүйек күні өтетін "Реалға" қарсы ойында алаңға шығуға үлгермейді.
"Темірланды ауруханадан шығарды, ол базамызға келіп кетті. Қазір жақ сүйегіне фиксация қойылған, ауызын толық аша алмайды. Сол құрылғы алынғаннан кейін ғана жаттығуға кіріседі. Дәрігердің айтуынша, реабилитация қалыпты өтуде.
Сонымен қатар, бізде Александр Заруцкий де бар. Ол бірнеше күннен кейін жаттығуды бастайды. Жақын арада оған сенім арта аламыз. Құрамымызда Қалмырзадан бөлек тағы да қақпашылар бар. Жақын күндері біз барлық қақпашыларға арқа сүйей аламыз", – деді Уразбахтин Алматыдағы РСК-де өткен баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, Португалиядағы матчта "Кайраттың" қақпасын 18 жастағы Шерхан Қалмырза қорғады. Бұл оның негізгі құрамдағы алғашқы ойыны болды. Ойын 1:4 есебімен аяқталғанына қарамастан, жас қақпашы тек Қазақстанда емес, еуропалық басылымдарда да сенімділігі мен батылдығы үшін мақталды.