Футбол
Кеше 17:56

УЕФА суперкубогы: бүгін ПСЖ чемпиондық атағын "Астон Виллаға" қарсы қорғайды

©Depositphotos/lireshetnik09

Бүгін, 13 тамызға қараған түні франциялық "Пари Сен-Жермен" мен англиялық "Астон Вилла" арасында УЕФА Суперкубогы үшін матч өтеді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Кездесу Зальцбургте өтеді және Қазақстан уақытымен 00:00-де басталады. Матчтың бас төрешісі ретінде сомалилік Омар Абдулкадир Артан тағайындалды. Ойынды тікелей эфирде Qazsport телеарнасы көрсетеді. Трансляция арнаның ресми сайтында да қолжетімді болады.

Турнир ережесіне сәйкес, УЕФА Суперкубогы үшін матчта жыл сайын Еуропаның екі үздік клубы – Чемпиондар лигасының жеңімпазы мен Еуропа лигасының иегері кездеседі.

Еске салайық, 2026 жылғы 20 мамырда Ыстамбұлда Унаи Эмери жаттықтыратын "Астон Вилла" немістің "Фрайбург" клубын 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, Еуропа лигасының жеңімпазы атанды. Осылайша, ағылшындық клуб бүгінгі матчқа автоматты түрде жолдама алды.

Ал Луис Энрике жаттықтыратын "Пари Сен-Жермен" Чемпиондар лигасында жеңіске жетті. Париждік клуб финалда лондондық "Арсеналды" ұтты. 2026 жылғы 30 мамырда Будапештте өткен шешуші кездесудің негізгі және қосымша уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Ал пенальти сериясында ПСЖ футболшылары дәлдік танытып, 4:3 есебімен басым түсті.

2025 жылы УЕФА Суперкубогын ПСЖ жеңіп алған болатын. Франциялық клуб ағылшындық "Тоттенхэмді" пенальти сериясында 4:3 есебімен (2:2) ұтты.
 
 
 
 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport