УЕФА-ның бұрынғы басшысы тұтқындалды

© sport.ua
Еуропалық футбол қауымдастықтары кеңесінің (УЕФА) бұрынғы президенті Мишель Платини жемқорлық күдігі бойынша тұтқындалды, - деп хабарлайды Independent.

Франция полициясы Платиниді Париж маңында 18 маусым таңғысын ұстады. Оның тұтқындалуы 2022 жылғы әлем чемпионаты өтетін елді таңдаудағы жемқорлықты тергеу ісіне байланысты, бұл бәйгені Катар ұтқан еді. 

2018 жылдың 29 шілдесінде британиялық BBC Катар билігі өзге елдердің ұсынысы өтпей қалу үшін PR-фирмалар мен ЦРУ көмегіне жүгінгенін жазған. Бұл турнирді өткізуге таласқан елдер арасында АҚШ, Оңтүстік Корея, Аустралия және Жапония бар.

Катардың турнир өткізуге берген өтінішне қатысты жемқорлық бойынша шағымдар мұның алдында да болған. ФИФА екі жыл тергеу жүргізді, алайда, барлық айып жоққа шығарылған еді. 

2015 жылы Платини жемқорлыққа байланысты сегіз жылға футболдағы қызметтен шеттеліп, оған айыппұл салынған еді. Кейін ФИФА-ның этика комитеті оның шеттелу мерзімін алты жылға қысқартқан болатын.