УЕФА Еуропалық іріктеу турнирлерінің жүйесіне енгізілетін өзгерістерді ресми түрде бекітті. Жаңа формат 2028 жылғы Еуропа чемпионатынан кейін күшіне енеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Мұның Қазақстан құрамасына әсерібар ма?
Жаңа жүйе әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңдерінде қолданылады. Еске салайық, Қазақстан құрамасы да халықаралық ірі турнирлерге УЕФА жүйесі арқылы жолдама алады.
Жаңа құрылымға сәйкес, іріктеу жарыстары екі лигаға бөлінеді. Күштілер лигасында 36 құрама өнер көрсетсе, екінші лигада 18 немесе 19 ұлттық команда болады.
Бірінші лига топтарының жеңімпаздары әлем және Еуропа чемпионаттарына тікелей жолдама алады. Қалған орындар плей-офф жүйесі арқылы сарапқа салынады, оған екінші лиганың үздік құрамалары да қатысады.
Әр ұлттық құрама іріктеу кезеңінде алты матч өткізеді.
Турнир қожайындарына қатысты өзгеріс
Әлем және Еуропа чемпионаттарын қабылдайтын елдердің құрамалары финалдық кезеңге автоматты түрде жолдама алады. Алайда олар бәрібір іріктеу ойындарына қатысады - бұл келесі Ұлттар лигасындағы мықтыларды анықтау үшін қажет.
Сондай-ақ, УЕФА Ұлттар лигасының құрылымын өзгертеді. 2028/2029 жылғы маусымнан бастап турнир әрқайсысында 18 командадан болатын үш лига форматында өтеді.
Алдағы айларда жаңа форматтың тұжырымдамасы толықтырылып, нақтыланады.
Жарнама