Молдова құрамасының бас бапкері Сергей Клещенко УЕФА Ұлттар Лигасының алғашқы өтпелі ойынының алдында баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
"Ойыншылар мен бапкерлік штаб алдағы матчтың маңыздылығын біледі. С дивизионында қалу үшін жеңіске жетуге тырысамыз. Барымызды салып ойнаймыз. Қазақстан құрамасын толық білеміз деп айта алмаймын. Себебі оларда жуырда ғана бас бапкер ауысты. Дегенімен, ойыншылары біраз жылдан өз құрамасының намысын қорғап келеді. Қазақстан құрамасын жаман деп те, жақсы деп те айта алмаймын. Маған ең бастысы біздің команданың дайындығы маңыздырақ. Молдованың деңгейі бір екі ойынмен өсіп кетпейді. Оған уақыт керек. Бас бапкер ретінде ертең дебютім болмақ. Іштей толқу бар. Бірақ матч басталған соң оның бәрі ұмытылып кетеді", - дейді Клещенко.
Еске салайық, Молдова мен Қазақстан арасындағы матч 24 наурыз күні Кишиневте өтеді.