Нидерланд құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне F тобының жеңімпазы ретінде өтті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Топтық кезеңнің соңғы турында Роналд Куман шәкірттері Тунис құрамасын 3:1 есебімен ұтты.
Кездесудің есебі 3-минутта ашылды. Тунис жартылай қорғаушысы Эльес Шкиридің автоголынан кейін Нидерланд алға шықты. Араға төрт минут салып шабуылшы Брайан Бробби есеп айырмасын екі допқа жеткізді.
Екінші таймда тунистіктер қарымта қайтарды. 54-минутта шабуылшы Хазем Мастури есепті қысқартты. Алайда 62-минутта қорғаушы Ян Паул ван Хекке Нидерландтың үшінші голын соғып, матчтың қорытынды есебін белгіледі - 3:1.
Осылайша, Нидерланд құрамасы топтық кезеңде жеті ұпай жинап, F тобында бірінші орынға ие болды және плей-офф жолдамасын иеленді.
Бұған дейін нидерландтықтар Жапониямен 1:1 есебімен тең түсіп, Швецияны 5:1 есебімен ойсырата жеңген еді.