Францияның "Монпелье" командасының шабуылшысы Вахби Хазри Тунис құрамасындағы карьерасын аяқтағанын хабарлады, деп жазады Sports24 порталы.
31 жастағы футболшы Тунис құрамасының Қатардағы әлем чемпионатындағы жалғыз голын соқты. Бұл гол Францияға (1:0) қарсы кездесуде тіркелген. Содан кейін Тунис Даниямен (0:0) тең ойнады және Аустралия (0:1) құрамасынан ұтылып, өз тобында үшінші орын алды.
Айта кетейік, Хазри Францияда дүниеге келген. Тіпті бұл елдің жастар құрамасында бір кездесу өткізген. 2013 жылдан бері ол Тунис құрамасында ойнау туралы шешім қабылдап, 74 ойында 25 гол соққан.
Ал клубтық деңгейде ол "Бастия", "Сент-Этьен", "Бордо", "Ренн" және "Сандерленд" командаларының намысын қорғаған.