Англия құрамасының бас бапкері Томас Тухель футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Аргентинадан ұтылғандарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Неміс маманының айтуынша, оның командасы финалға шығуға бір табан жақын болған. Алайда гол соққаннан кейін ағылшындар бастамадан айырылып, қарсыласқа ойын тізгінін беріп қойды.
"Көңіліміз қалды. Жеңіске өте жақын едік. Бірақ гол соққаннан кейін тым бәсең ойнай бастадық және қарсыласқа қауіпті мүмкіндік көп беріп қойдық. Ойынның бағытын өз пайдамызға өзгерте алмадық. Қақпамызға бағытталған көптеген әуелете берілген пастарға, соққыларға және шабуылдарға жол бердік. Голдан кейін өз деңгейімізді сақтай алмадық.
Соңғы матчтарда да шабуылды күшейту үшін ойыншыларды алмастырдым. Бұл жолы да командаға көмектескіміз келді. Бірақ бірден қауіпті сәтке жол беріп қойдық. Сондықтан қорғаныстағы бос аймақтарды жабу үшін бес қорғаушымен ойнауға көштік. Қарсылас әуедегі доптардың бәрінде басым болды, үнемі қапталдан пас асырды. Сол себепті айып алаңының ортасын жауып, әуе добы үшін күресте мықты болуға тырыстық. Бірақ ешқандай ауысым жасамай тұрып-ақ, голымыздан кейін қарсыласқа тым көп мүмкіндік бердік.
Әрине, біз екінші голды соққымыз келді. Бірақ шабуылшыларды көбейту көмектеседі деген сенім болған жоқ. Біз 4-4-2 жүйесінде қалдық, алайда барған сайын бәсеңдей түстік. Допты тартып ала алмадық, оны өзімізде ұстап тұра алмадық. Сондықтан мәселе тактикалық құрылымда емес деп ойлаймын. Біз ештеңені өзгерткен жоқпыз. Бірақ матчтың барысы түбегейлі өзгеріп кетті", – деді Тухель ФИФА-ның ресми сайтына берген сұхбатында.
Еске салайық, Англия құрамасы матч барысында 1:0 есебімен алда тұрғанымен, кездесудің соңында Аргентинаға 1:2 есебімен есе жіберіп, әлем чемпионатының финалына өте алмады.
Енді Томас Тухельдің командасы қола жүлде үшін Франциямен кездеседі. Ал Аргентина әлем чемпионы атағы сарапқа салынатын финалда Испаниямен ойнайды.