Трнавадағы тартыс! Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы екінші жеңісіне қол жеткізді

©ҚФФ

Футболдан Қазақстан құрамасы Трнава қаласындағы "Сити Арена" стадионында Словакияға қарсы Ұлттар лигасындағы екінші кездесуін өткізді, деп жазады Vesti.kz тілшісі. 

Словакияға қарсы ойында құрама сапында бірнеше өзгеріс болды. Ең бастысы - Асхат Тағыбергеннің жоқтығы. Капитанымыз "Астана-Аренада" Әзірбайжанға қарсы кездесуде жарақат алып қалды. Сөйтіп, капитандық міндет Исламбек Қуатқа жүктелді. 

Өзге де өзгерістерге тоқталып кетейік. Аталған ойынға негізгі құрамға Сергей Малый, Рамазан Оразов, Михаил Габышев, Тимур Досмағамбетов секілді футболшылар Елдос Ахметов, Бауыржан Байтана, Ян Вороговский, Бағдай Қайыровтардың орнына шықты. Әзірбайжанға қарсы кездесумен салыстырғанда қалған футболшылар өзгеріссіз қалды. 

Енді ойынға тоқталайық. Ойын біз үшін тамаша басталды. Әдеттегідей, 5-4-1 жүйесі бойынша ойнадық. Ортада Оразов керемет ойқастады. Оған Айымбетов мен Астанов әдемі қолдау білдірді. Сөйтіп, екінші минутта Сергей Малый қарсылас қақпасына алғашқы соққыны жасады. Бірақ, ағылшындық "Фулхэм" командасында ойнайтын қақпашы Марек Родак қайтарды. 

Бірінші таймның бел ортасынан асқаннан кейін біздің құрама шабуылда белсенді. Соның арқасы. 26-минутта гол соқтық. Өте әдемі гол. Қарсылас айып алаңы. Қарбаласқан сәт. Доп Асылан Дарабаевтың аяғына келіп түсті. Асылан да аямай тепті. Доп қарсылас қақпасында тулады. 

Бұдан соң ойын дөрекі болып кетті. Трнавада ұтылып жатқан алаң қожайындары да, Қазақстан құрамасының ойыншылары да "соңына" дейін ойнаймын деп, сары қағазды топырлатып алды. Төрешінің қаһарына Қазақстан құрамасынан Тимур Досмағанбетов пен Нұралы Әліп іліксе, Словакия сапынан Юрай Куцка мен Владимир Вайсс алды. 

Есесі кетіп жатқан Словакия екінші таймда бірден екі ойыншы алмастырды. Владимир Вайсстың орнына Томаш Суслов, Иван Шранцтың орнына шабуылшы Лукас Хараслин шықты. Сөйтіп, словактардың ойынына қан жүрді. Алаң иелері бірден екі қауіпті шабуыл жасады. Бірақ, тың шыққан екі ойыншының соққысы қақпадан қиыс кетті. 

Осы қауіпті сәттерден кейін Магомед Адиев те ойыншы алмастырды. Алаң ортасында өте жақсы ойын өткізген Оразовтың орнына Ян Вороговскийді шығарып, қорғанысты күшейтті. 

Словакия құрамасының ойындағы ең қауіпті шабуылы 62-минутта тіркелді. Харалин қақталдан сытылып шығып, Щацкиймен бетпе-бет шықты. Алайда, Словакия құрамасы шабуылшысы шиіріп тепкен доп қақпаның бағанасына тиді. 

Ойынның 65-минутында Адиев бапкер тағы екі ойыншы шығарды. Әзірбайжан қақпасына екі гол соққан Абат Айымбетовтің орнына Артур Шушеначев, ал Михаил Габышевтің орнына Бағдат Қайыров қосылды. 

77-минутта Словакия есепті теңестірген еді. Алаң жиегінен асырылған пасты Ладислав Альмаши сәтті пайдаланып, гол соқты. Бірақ бұл сәтте ойын тоқтап қалды. Сөйтсек, кездесудің төрешісі Кристо Тохвер бейнеқайталау көріп жатты. Оның қорытындысы бойынша, фол тіркеліп, гол есепке алынбады. Доп қақпаға кірердің алдында Қазақстан құрамасы шабуылға шығып жатыр еді. Төреші сол кезде словактардың ойыншысы ереже бұзғанын тіркеді.

Есепке алынбаған голдан кейін Словакия қауіпті ештеңе істей алмады. Дегенмен, Қазақстан құрамасының футболшылары Артур Шушеначев, Сергей Малый және Бағдат Қайыров сары қағаз алды. 

Осылайша, Трнавадағы тартыс аяқталды. Қазақстан құрамасы сыртта алаңда Словакия құрамасын сан соқтырды. 

Сурет: ҚФФ

Айта кетейік, енді келесі кездесуін Қазақстан құрамасы Сербияның Нови-Сад қаласында өткізеді. Қарсыласымыз Беларусь құрамасы. Ойын Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 11 маусым күні өтеді. 

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Показать комментарии
Жаңалықтар