АҚШ президенті Дональд Трамп "Интер Майами" клубының MLS чемпионы атанған ойыншыларын Ақ үйде салтанатты түрде қабылдау барысында команда капитаны Лионель Месси жайлы пікір білдіріп, оны бразилиялық аңыз Пелемен салыстырды, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Лионель Мессиді Ақ үйде қарсы алған алғашқы АҚШ президенті болғаныма мақтанамын! Лионель, менің ұлым – сенің жанкүйерің. Ол сені шын мәнінде ұлы тұлға деп санайды. Келгеніңе рақмет! Меніңше, командадағы барлық футболшылардың ішінде Месси ерекше қысымның астында болды. Өйткені одан әрдайым және барлық жерде тек жеңіс күтіледі.
Ол тағы да өзін нағыз чемпион ретінде дәлелдеп, АҚШ-та чемпиондық атақты жеңіп алды. Пеленің футболда өте мықты болғанын айтады. Айтыңызшы, кім мықтырақ деп сұрайтындар бар: Пеле ме, әлде Месси ме? Менің ойымша, Месси мықтырақ", – деді Трамп Ақ үйдің әлеуметтік желідегі ресми аккаунты ұйымдастырған тікелей эфирде.
Аңызға айналған бразилиялық футболшы Пеле 2022 жылы 82 жасында өмірден өтті. Ол футболшы ретінде Бразилия құрамасымен үш рет әлем чемпионы атанған. Бұл жетістіктерге ол 1958, 1962 және 1970 жылдардағы әлем чемпионаттарында жеткен.
Жарнама