"Тобылдың" негізгі қақпашысы Александр Мокин "Ордабасыға" қарсы өткен ойында алған жарақатына байланысты ұзақ уақытқа қатардан шығып қалды.
Кеше "Тобыл" ҚПЛ 17-турында өз алаңында "Ордабасы" командасын қабылдап, 4:0 есебімен жеңіске жетті. Бірақ бұл ойында Мокин жарақат алды. Қақпашы 57-минутта Акмаль Бақтияровпен соғысып, алаңнан дәрігерлердің көмегімен кетті.
"Қазақстан чемпионатының ең егде футболшысы аяғын сындырып алыпты. Енді ол жуық арада қатарға қайта қосылмайды", - деп жазады инсайдер Айдын Қожахмет.
Айта кетейік, биыл Мокин ҚПЛ-да 15 ойынға қатысып, 19 гол жіберді. Ол 6 ойында қақпасына гол жібермеді. Енді оның орнын ресейлік қақпашы Тимур Акмурзин басады.