"Тіліңе ие бол!" Месси ойын үстінде тағы да жаға ұстасып қалды

©AFP 2023 / CARL DE SOUZA

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Бразилия мен Аргентина құрамалары кездесті. Әйгілі "Маракана" стадионында өткен ойын қым-қиғаш оқиғалар мен қақтығысқа толы болды. 

Ойын белгіленген уақытынан жарты сағат кешігіп басталды. Оған себеп – екі ел жанкүйерлері арасындағы төбелес. Стадиондағы тәртіпсіздікті қауіпсіздік қызметкерлері күш қолданып барып тоқтатты. Ал алаңға шыққан Аргентина құрамасы кері киіну бөлмесіне қайтып, жағдайдың түзелгенін күтті. Бұл бразилиялық ойыншыларға ұнай қоймады. 

Матч кезінде Аргентина құрамасы капитаны Месси мен "Реал" ойыншысы Родриго сөзге келіп қалған сәт те болды. Кейіннен бір-біріне не айтқандары белгілі болды. Бразилиялық футболшы Месси мен командасын "қорқақ екенсіңдер" деп келемеждеген. Ал аргентиналық болса "Біз әлем чемпионымыз, не үшін қорқуымыз керек? Тіліңе ие бол!" - деп жауап қатқан. 

Ойында Аргентина құрамасы 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жалғыз голды 63-минутта Отаменди соқты. 15 ұпаймен аргентиналықтар іріктеуде көш басына шықты. Бразилия 7 ұпаймен 6-орында келеді. 

Айта кетейік, 5 күн бұрын Месси Уругвай құрамасының ойыншысы Матиас Оливейрамен де алаңда сөзге келіп, жаға ұстасып қалған еді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport