"Кайрат" қақпашысы Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының төртінші турындағы миландық "Интерге" қарсы матчтан кейін әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Vesti.kz. Ол дебют жасаған қорғаушы Александр Широбоковтың ойынын, жанкүйерлердің қолдауын және матч соңындағы қызықты сәттерді айтты.
Милан қаласындағы кездесу алаң иелерінің пайдасына 2:1 есебімен аяқталды."Жеңіске жеткіміз келді, бірақ, болмады. Барлық эмоцияны бердік, бәрі де жан аямай ойнады. Қарсылас өзіңіз білесіз, "Интер". Қиын болатынын білдік, дегенмен, оларға қарсы ойнауға болатынына көз жетті. Көп гол жібермеуге тырыстым, ал команда маған жақсы көмектесті.
Әрине, қобалжу болды - кез келген ойын алдында солай. Бірінші таймда голдан кейін эмоционалды түрде сәл жеңілдеп қалдым. Ең қиын сэйвтердің бірі - бірге-бір шыққан сәтте аяқпен қайтарған добым. Мартыновичтің жоқтығы қатты сезілмеді - Широбоков тамаша ойнап, өз мүмкіндігін жақсы пайдаланды.
Жанкүйерлерді тамаша естідік - бірінші таймда олар біздің қақпа артында тұрды. "Сан-Сирода" "Кайраттың" үнін есту - бұл ерекше сезім.
Біз ұпай аламыз деп сендік, тіпті "Интерге" қарсы да үміт болды, алайда, болмады. Алда құрама ойындары бар, аздап демалып, келесі матчтарға дайындықты бастаймыз. Матчтан кейін Ян Зоммермен сөйлесіп, одан жейдесін сұрадым", - деді Анарбеков.