Футбол
Бүгін 17:38

Тарихтағы ең қымбат келісімшарт. Гвардиолаға фантастикалық ұсыныс жасағалы жатыр

©"Манчестер Сити" ФК

Пеп Гвардиоланың "Манчестер Сити" клубынан кеткеннен кейінгі болашағына қатысты жаңа әрі даулы мәліметтер пайда бола бастады, деп хабарлайды Vesti.kz.

The TouchPulse мәліметінше, испаниялық маманға Сауд Арабиясынан фантастикалық ұсыныс түскен.

Гвардиоланы өз қатарына қосудың басты үміткері ретінде "Әл-Наср" аталып отыр. Бұл клуб сапында қазірдің өзінде португалиялық жұлдыз Криштиану Роналду өнер көрсетеді.

Дереккөз ақпаратына сәйкес, саудиялық клуб Гвардиолаға бір маусым үшін шамамен 150 миллион доллар көлемінде келісімшарт ұсынуға дайын.

Егер бұл келісім жүзеге асса, онда ол футбол тарихындағы ең қымбат бапкерлік келісімдердің біріне айналмақ.

Сауд Арабиясында Гвардиоланы жергілікті чемпионатты дамытудың жаңа кезеңіндегі басты тұлға ретінде қарастырып отыр. Әлемдік деңгейдегі футболшыларды тартқан лига енді келесі қадам ретінде заманауи футболдың ең үздік бапкерлерінің бірін шақыруды көздейді.

Гвардиоланың болашағына қатысты әңгімелер оның "Манчестер Ситиден" кетуі мүмкін деген ақпараттан кейін күшейе түсті. Ал оның орнына негізгі кандидаттардың бірі ретінде Энцо Мареска аталып жүр.

Айта кетейік, "Әл-Наср" соңғы жылдардағы ең сәтті маусымдарының бірін өткізді. Клуб 2019 жылдан бері алғаш рет Сауд Арабиясы чемпионатын жеңіп алып, 86 ұпай жинады.

Ал Гвардиола 2016 жылдан бері "Манчестер Ситиді" жаттықтырып келеді. Осы уақыт ішінде ол командамен бірге 20 трофей жеңіп алды. Бұған дейін оның бапкерлік мансабында Барселона мен Бавариядағы табысты кезеңдер де болған.
 
 
 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport