Лондондық "Арсеналдың" вингері Макс Доуман Англияның жастар құрамасы (U-21) сапындағы кезекті матчта тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Жеңіс голы және жаңа рекорд
Бұл оқиға Францияның командасына қарсы жолдастық кездесуде болды. Матчтың 89-минутында Доуман гол соғып, ағылшындарға 3:2 есебімен жеңіс сыйлады. Бұл оның Англия жастар құрамасындағы алғашқы голы болды.
CentreGoals мәліметінше, 16 жаста 320 күн болған Доуман Англияның U-21 құрамасы сапында гол соққан ең жас футболшы атанды. Бұған дейінгі рекорд Джуд Беллингемге тиесілі еді. Ол 17 жас 67 күнінде гол соққан.
Беллингемнің тағы бір рекордынан асып түсті
Бұған дейін Доуман Англия жастар құрамасының тарихындағы ең жас ойыншы атанған болатын. Ол 16 жас 10 ай 13 күнінде Португалияға қарсы жолдастық матчта алаңға шықты. Бұл кездесуде ағылшындар 0:1 есебімен ұтылып қалды.
Осылайша, Доуман Беллингемнің рекордын жаңартты. Мадридтік "Реалдың" жартылай қорғаушысы Англияның жастар құрамасындағы дебютін 17 жас 2 ай 6 күнінде жасаған еді.
Макс Доуман – "Арсенал" клубының түлегі. Ол 2025 жылдың тамызында 15 жас 235 күнінде Англия Премьер-лигасында дебют жасады. Ал 2026 жылдың наурызында АПЛ тарихына тағы бір рет енді: 16 жас 74 күнінде "Эвертон" қақпасына гол соғып, чемпионаттағы ең жас гол авторы атанды.
Доуман "Арсенал" сапында екі жүлдеге қол жеткізді: АПЛ чемпионы және Англия Суперкубогының иегері атанды.
Жарнама