"Таразды" алдап кеткен легионер қазақстандық басқа клубқа қосылды

© "Оқжетпес" ФК
Бразилиялық жартылай қорғаушы Жоан дос Сантос Мартинс "Оқжетпес" сапына қосылды, деп хабарлайды көкшетаулық клубтың баспасөз қызметі. 

Жаңа ойыншы Анталияда екінші оқу-жаттығу жиындарында жүрген командаға қосылды. Футболшымен келісім 2020 жылдың соңына дейін есептелген. 

Айта кетейік, өткен аптада Мартинс өзге қазақстандық клуб сапында жүрген. "Тараз" ойыншымен келісімшарт ұзартуға үмітті еді. Алайда бразилиялық ұнамсыз іс жасаған. Ол таңғы асын командамен бірге ішіп, түс кезінде ештеңе айтпастан кетіп қалған.

Кейін Мартинс "Оқжетпеспен" жасырын түрде келісімшартқа қол қойғаны белгілі болды.

Бразилиялық футболшы карьерасын 2013 жылы португалиялық "Санжоаненсе" сапында бастаған. 2015 пен 2017 жылдар аралығы Португалияда "Униан Мадейра", ал 2017 мен 2019 жылдары "Пасуш де Феррейра" командасында ойнады. 2019 жылғы маусымда Мартинс "Таразға" келіп, Қазақстан премьер-лигасында 31 матч өткізген.