Талғат Байсуфинов француздардың не себепті белсенді болғанын түсіндірді

©kff.kz

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов ӘЧ-2022 іріктеу турнирінде "Парк де Пренсте" қазақ құрамасын қабылдаған француздардың не себепті қатты ойнағанын түсіндірді, деп жазады Vesti.kz тілшісі ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қарсылас команданы жеңіспен құттықтаймыз. Финляндия Боснияны жеңіп ұтты да, Францияның келесі ойыны қатты қиындап кетті. Сондықтан да, бізге қарсы матчта олар қолынан келгеннің бәрін жасады. Көп жағдайда қазақстандық футболшылар қобалжып, аяқтағы добынан айырылып жатты. Біз бұл мәселемен жұмыс істеуіміз керек. Маған бұл ойын ауыр тиді. Әлбетте, ірі есеппен жеңілген ешкімге де ұнамайды. Біз өзіміздің стандартты жағдайымызды толық іске асыра алмадық. Футболшылар жаттығуда істеп жүргенін алаңда іске асыра алмады", - дейді бапкер.

Килиан Мбаппенің голдары туралы сауалға Маруаұлы тек футболшының емес, бүкіл Франция командасының мықты болғанын тілге тиек етті.

"Жоқ, ол тек Килианның еңбегі емес, ол командалық ойынның арқасы. Ең бастысы Францияның қаптал арқылы жасаған шабуылдары өте өткір болды. Біздің жіберген алғашқы 3 голымыз Францияның қаптал арқылы жасаған шабуылдарынан кірді. Біз осы тұста көп қателестік. Енді қателіктермен жұмыс істеп, мұндай келеңсіздікті болдырмауға тырысамыз", - дейді Талғат Маруаұлы.

Осыдан кейін-ақ, француздардың тым белсенді ойнағанын түсінуге болады. Себебі, оның алдында Финляндия қонақта Босния мен Герцеговина командасын 1:3 есебімен ұтты. Нәтижесінде финдер D тобында 11 ұпаймен екінші орынға көтеріліп кетті. Кваликациялық жарыстың соңғы турында Финляндия өз алаңында Францияны қабылдайды. Осы жағдайды ескерген Дидье Дешам алаңға негізгі құрам ойыншыларын шығарып, ірі есеппен (8:0) жеңіске жетті. Енді француздар соңғы турдағы ойынның нәтижесіне қарамастан Катардағы футбол тойына жолдама алып қойды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Показать комментарии
Жаңалықтар