Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинова 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу ойындары барысында Босния және Герцеговина құрамасына қарсы кездесудің алдында баспасөз жиынына келіп, құраманың жағдайы туралы айтып берді.
- Біз дайындық жұмыстарын 4-қазан күні бастадық. Тек екі ойыншы жарақатына байланысты құрамадан кетті. Олардың орнына басқа жігіттерді шақырдық. Алдағы екі ойындағы басты мақсатымыз - жеңіске жету, - деп бастады жиынды Талғат Маруалұлы.
- Асхат Тағыберген мен Алексей Щеткиннің жағдайы туралы айтып берсеңіз. Олар жарақатынан айықты ма?
- Асхаттың жағдайы жақсы. Қазақстан чемпионатында "Таразға" қарсы кездесуге қатысты. Бүгін тағы бір жаттығу өткізеді. Содан соң көреміз. Ал Щеткин болса сақадай-сай. Бұған дейін құрамадан жарақатына байланысты Артур Шушеначев пен Абат Айымбетов секілді жігіттер кетті. Бірақ олардың орнын басатын ойыншылар бар.
- Ертең Босния құрамасында бірнеше негізгі футболшы ойнамайды. Бұл туралы не айтасыз?
- Боснияда біраз ойыншының келмегенін естідім. Бірақ қарсыласымыз ол ойыншыларсыз-ақ мықты. Әлемдік деңгейдегі шабуылшы Эдин Джеко бастап келіп отыр. Иә, Миралем Пьянич жоқ. Дегенмен біз қарсыласқа қарамай, ертең өз ойынымызды ойнауға тырысамыз.
- Құраманың капитаны Азат Нұрғалиевтің орнына неге Бауыржан Байтананы шақырмадыңыз?
- Шынымды айтсам, мен Бауыржанның команда сапында қай позицияда ойнайтынын түсінбей қалдым. Себебі, "Астана" мен "Тараз" арасындағы ойында ол бірінші таймда оң қапталда болса, екінші таймда сол қапталда шықты. Оның үстіне Байтана басқа бәсекелестіктен шамалы жеңіліп жатыр.
Ал Азатқа алғыстан басқа айтарым жоқ. Ол бізден сұранып кетті. Отбасылық жағдайына байланысты.
- Руслан Валиуллиннің жағдайы не болып жатыр?
- 6 қазан күні біз "зум" арқылы антидопинг компаниясымен жиналыс өткіздік. Бірақ қазір ештеңе айта алмаймын. Негізі ештеңе жасырын емес. Алайда бізге көп нәрсе айтуға болмайды. Біз Русланмен байланыстамыз. Ол өз кінәсін мойындады. Енді шешімді күтеміз. Басқа айтарым жоқ.
- Айбол Әбікен неге шақыру алмай жүр?
- Соңғы ойындарда Айбол командасында ойнаған жоқ. Мен ол жігітті ұмытпадым. Мүмкін алдағы уақытта қайта шақыратын шығармын.
- Ал ертеңгі ойында капитан кім болады?
- Жақсы сұрақ. Негізі ертең жариялаймын деп едім. Бірақ айтайын. Юрий Логвиненко ертең Қазақстан құрамасын капитан ретінде алып шығады.
- Ертеңгі ойында қақпамызды кім қорғайды?
- Жаңа ғана ертең алаңға шығатын бір футболшыны айтып қойдым ғой. Енді қақпашы туралы айтпай қоя тұрайын. Өздеріңіз де білесіздер, бізде таңдау да көп емес. Бүгін кешке қақпашылардың бапкерімен ақылдасып, қақпада кім тұратынын анықтаймын.
Еске салайық, Қазақстан мен Босния және Герцеговина арасындағы кездесу 9 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Ойын 19:00-де басталады.