Бразилиялық жартылай қорғаушы Исаэль Барбоза жазғы трансфер кезінде "Қайратқа" қайта оралмайды, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
Тәжірибелі футболшы бір апта бұрын мәлімдеме жасап, алматылық клубқа қайта келуге дайын екенін айтты. Бірақ қазіргі уақытта ол басқа клубтармен келіссөз жүргізуде.
Осыған дейін алматылық команданың басшылары да Исаэльмен келіссөз жүргізгені айтылды. Алайда бұл келіссөз сәтті болмаған. Тіпті бұл трансфер кезеңінде "Қайрат" құраманы шет елдік футболшы қоспауы да мүмкін.
"Қайрат" сапында Исаэль 174 кездесу өткізіп, 41 гол соғып, 54 нәтижелі пас берді. Ол алматылық командамен Қазақстан чемпионатында төрт рет күміс, бір рет қола жүлде жеңді. Сонымен қатар, жартылай қорғаушы төрт рет Қазақстан кубогі мен екі рет Суперкубокте топ жарды.
Қазақстандық командадан кеткеннен кейін бразилиялық венгриялық "Ференцварош" пен катарлық "Умм-Салаль" командалараның намысын қорғады.