Бельгия мен Иран құрамалары футболдан 2026 жыдлғы әлем чемпионатындағы матчте тең түсті, деп хабарлайды Vesti.kz.
G тобының екінші туры аясындағы кездесу АҚШ-тың Калифорния штатындағы Инглвуд қаласында өтіп, 0:0 есебімен аяқталды.
Ойынның 25-минутында Иран шабуылшысы Мехди Тареми айып добынан жасалған пастан кейін қақпаның төменгі бұрышын дәл көздеп, есеп ашқандай болған. Алайда бас төреші VAR жүйесінің көмегіне жүгініп, нәтижесінде шабуыл кезінде офсайд тіркелгені анықталды. Осылайша, гол есепке алынбады.
Ал кездесудің 66-минутында бельгиялық қорғаушы Натан Нгой қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Осыдан кейін Бельгия құрамасы матчтың қалған бөлігін он ойыншымен өткізді.
Айта кетейік, топтың басты фавориттерінің бірі саналған Бельгия құрамасы екінші матч қатарынан ұпай жоғалтты. Алғашқы турда бельгиялықтар Мысырмен 1:1 есебімен тең түскен болатын. Сол ойында мысырлықтар жеңіске жақын тұрғанымен, өз қақпасына автогол жіберіп алған еді.
Топтық кезеңнің соңғы турында Бельгия құрамасы Жаңа Зеландиямен кездеседі.
Еске салайық, әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне әр топта алғашқы екі орын алған командалар тікелей жолдама алады. Сонымен қатар, үшінші орын иеленген құрамалар арасындағы үздік сегіз команда да келесі кезеңге өтеді.
Жарнама