"Соңғы минутта гол соғып, ұпай алғанның әсері бөлек". Марат Быстров қыркүйектегі Қазақстан құрамасының ойындары туралы
Футболдан ресейлік "Ахмат" пен Қазақстан құрамасының қорғаушысы Марат Быстров Vesti.kz тілшісіне берген сұқбатында ұлттық құраманың қыркүйек айында өткізген ойындарын қорытындылады.
Футболдан ресейлік "Ахмат" пен Қазақстан құрамасының қорғаушысы Марат Быстров Vesti.kz тілшісіне берген сұқбатында ұлттық құраманың қыркүйек айында өткізген ойындарын қорытындылады.
- Біз әр ойында алаңға тек жеңіс үшін шығамыз, - деп бастады әңгімесін Быстров. - Бас бапкеріміз Талғат Маруаұлы (Байсуфинов - ред.) бізге үнемі аса мықты және өте осал команда жоғын айтады. Барлығы дайындыққа байланысты. Сондықтан әр кездесуде бізде мүмкіндік болады. Бізді аутсайдер деп айту дұрыс деп ойламаймын. Босния және Герцеговинада бізді нашар ұжым деген еді. Ойынның қалай аяқталғанын өздеріңіз көрдіңіздер.
- Енді қазан айында Қазақстан құрамасы Босния және Финляндиямен қайта кездеседі. Бұл ойындардан не күтесіз?
- Әдемі ойын көрсетуге тырысамыз. Әрине бастысы нәтиже. Тек жеңіс үшін ойнаймыз. Кез-келген командаға қарсы жақсы ойнап, ұпай алуға болады. Оны өткен ойындар да көрсетті. Біздің топтағы командалардың деңгейі шамамен бірдей. Франциядан басқасы әрине. Біздің де қарсыластан деңгейміз төмен деп айта алмаймын.
- Зеницада өткен ойында Босния екінші голды соғып, жеңісті ерте тойлап қойғандай болды ...
- 1:0 есебімен жеңіп тұрды, қарсыласты алға жіберіп алған қиын. Негізі біз сол кезде өте жақсы ойнап жаттық. Бірақ күмәнді пенальти берілді. Бұл пенальти көңіл-күйімізді түсіргені рас. Одан кейін Босния екінші голын соқты. Жағдай қиындай түсті. Дегенмен соңғы минутта Бахтиер Зайнутдинов таразы басын теңестіріп кетті. Білесіз бе, соңғы минутта гол соғып, ұпай алғанның әсері бөлек. Енді жауапты ойында біз тағы ұпай аламыз деп ойлаймын.
Еске салайық, қыркүйек айында Қазақстан құрамасы үш бірдей іріктеу ойындарын өткізді. Алдымен өз алаңымызда Украина құрамасын қабылдап, 2:2 есебімен тең тарқастық. Кейін сырта Финляндиядан 0:1 есебімен ұтылды, ал үшінші матчта Босния және Герцоговина құрамасымен 2:2 есебімен тағы тең түстік.
Жарнама