Аргентина ұлттық құрамасының бас бапкері Лионель Скалони команда капитаны Лионель Мессидің 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысуға мотивациясы әлі де жоғары деңгейде екенін айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Скалонидің сөзінше, Месси ұлттық құрама сапында қанша уақыт ойнайтынын өзі шешеді. Өйткені оның шеберлігі мен командаға тигізер пайдасы ешқандай күмән тудырмайды. Сондай-ақ, бапкер 38 жастағы шабуылшының мансабындағы алтыншы әлем чемпионатына қатысуын қалыпты жағдай деп бағалады.
"Месси өзі қалағанша ойнай береді, өйткені оның қандай деңгейдегі футболшы екенін бәріміз жақсы білеміз. Оның алтыншы әлем чемпионатына қатысуы мені таңғалдырмайды. Мұнда таңғалатын ештеңе жоқ. Керісінше, мені оның ұлттық құрама сапында небәрі төрт ірі трофей жеңіп алғаны таңғалдырады. Ол тағы екі Америка кубогында және бір әлем чемпионатында жеңіске өте жақын болды. Меніңше, сол жарыстарда жеңіске жетпеуі әділетсіз жағдай еді. Ол міндетті түрде чемпион атануы керек болатын", – деді Скалони Ole басылымына берген сұхбатында.
Аргентина құрамасының бапкері көптеген жетістікке жеткеніне қарамастан, Мессидің әлі күнге дейін жас футболшыларға үлгі болып жүргенін атап өтті. Оның айтуынша, шабуылшының жеңіске деген құштарлығы мен командаға пайдасын тигізуге деген ұмтылысы өзгермеген.
"Ол футболшы ретінде де, адам ретінде де айтарлықтай өзгерген жоқ. Әлі де жеңіске жетуді, күресуді және команданың маңызды бөлшегі болып қалуды қалайды. Дәл осындай көзқарас жас ойыншылар үшін үлгі болуы керек. Маңыздысы – қанша жүлде жеңіп алғаның емес, өз мамандығыңа қалай қарайтының", – деді Скалони.
Еске салайық, Лионель Месси жеңіл жарақат алғанымен Аргентина құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатына арналған тізіміне енді. Осыған байланысты ол 7 маусым күні Гондурасқа қарсы өтетін жолдастық кездесуге қатыспайды. Алайда шабуылшы әлем чемпионатының топтық кезеңі басталғанға дейін қатарға қосылады деп күтілуде.
2026 жылғы әлем чемпионатында Аргентина құрамасы Алжир, Аустрия және Иордания құрамаларымен бір топта өнер көрсетеді.