Франция құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалында Швецияны ұтып, 1/8 финалға жолдама алды, деп хабарлайды Vesti.kz.
АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы "Метлайф" стадионында өткен кездесу франциялықтардың 3:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Франция алғашқы голын 21-минутта соққандай болған. Килиан Мбаппе қақпаны дәл көздегенімен, VAR тексерісінен кейін төреші офсайд тіркеп, голды есепке алған жоқ.
Дегенмен, үзіліс алдында Франция есеп ашты. 45-минутта Усман Дембеле Мбаппені тамаша паспен қақпа алдына шығарып, капитан өз мүмкіндігін мүлт жібермеді.
Екінші таймда Дидье Дешам шәкірттері басымдығын арттыра түсті. 53-минутта Майкл Олисе нәтижелі пас беріп, Брэдли Барколя есепті 2:0-ге жеткізді.
Ал 74-минутта Олисе екінші нәтижелі пасын жасап, Мбаппе дубль авторы атанды. Осылайша, Франция 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Енді Франция құрамасы ширек финал жолдамасы үшін Парагваймен кездеседі. Бұған дейін оңтүстікамерикалық құрама Германияны пенальти сериясында сенсациялық түрде жарыстан шығарған болатын.
Матч 5 шілдеде АҚШ-тың Филадельфия қаласында өтеді. Кездесу Астана уақытымен 02:00-де басталады.
Жарнама