Шотландиялық Sun басылымы "Селтик" пен "Қайрат" арасындағы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінің алғашқы ойынына қатысты материал жариялады, деп жазады Vesti.kz.
"Матч кезінде "Селтик" жанкүйерлері клуб басшылығына ашық наразылық білдірді. Егер "Қайрат" қазақстандық уақытпен ойнағанда, кездесу түнгі сағат екіде аяқталар еді.
Алайда алаңдағы жағдайға қарасақ, шотландиялықтар таң атқанша ойнаса да, гол соға алмас еді. Ойыншылардың әрекеті, тіпті ұшаққа мінбей жатып-ақ, джетлаг әсерінен шаршағандай көрінді.
Жанкүйерлер Чемпиондар лигасының атмосферасын күтті, бірақ мұндай сылбыр ойын оларға күтпеген жағдай болды. Клуб басшылығы да бұған дайын болмаған шығар, себебі топтық кезеңге өту "Селтикке" шамамен 40 миллион фунт табыс әкелетін еді. Алматыға сапар қиын болуы мүмкін, бірақ шенеуніктер үшін трибунада болу одан да ауыр болды – жанкүйерлер оларды сыбап жатты.
Екінші таймда трибуналарда бірауыздан:
"Директорлар кеңесі орнынан кетсін!" – деген ұрандар айтылды. Жанкүйерлер клубтан күшейтілген трансфер талап етті, бірақ бұл орындалмады.
"Селтик" өз алаңында ірі жеңіске жетпейтіні анық болды. Қазақстандықтар тәртіппен қорғанып, айып алаңын "сары-қара" жейделерге толтырып, кейде қарсы шабуылға шықты. Картер-Викерс жіберген қателіктен кейін бразилиялық Эдмилсон алыс қашықтықтан соққы жасап, доп қақпаның торының үстіне түсіп кетті – бір сәттік сәтсіздік болмаса, гол болуы мүмкін еді.
Матч соңында Дайдзен Маэда жеңісті жұлып алатын мүмкіндікке ие болды, бірақ жапондық футболшы дәл қақпашыға тепті. Бұл эпизод кештің басты көрінісі болды: әрекет көп – нәтиже жоқ", – деп жазады The Sun.
Еске салайық, 19 тамызда Глазгода өткен алғашқы ойын 0:0 есебімен аяқталған болатын.
Енді қарымта матч 26 тамыз күні Алматыда өтеді. Егер "Қайрат" жеңіске жетсе – клуб Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өтеді. Ал жеңіліс жағдайда маусымды Еуропа лигасының топтық кезеңінде жалғастырады.
Жарнама