Бразилия құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі соңғы матчында Шотландияны ірі есеппен ұтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
С тобының үшінші туры аясындағы кездесу АҚШ-тың Майами қаласында өтіп, 3:0 есебімен аяқталды.
Бразилиялықтардың жеңісіне Винисиус Жуниор басты үлес қосты. Ол матчтың 7-минутында есеп ашып, жақын қашықтықтан дәл соққымен көзге түсті. Ал бірінші таймға қосылған уақытта тағы бір гол соғып, дубль жасады. Айта кетейік, Винисиус 22-минутта да мергендік танытқан еді, алайда VAR тексерісінен кейін бұл гол есепке алынбады.
Кездесудегі соңғы нүктені 60-минутта Матеус Кунья қойды.
Сондай-ақ, бұл матчта Бразилия жанкүйерлері Неймардың алаңға оралғанын көрді. Жарақатынан кейін қалпына келген шабуылшы қосалқы құрамда қалып, 76-минутта Куньяның орнына ойынға қосылды. Осылайша, ол ЧМ-2026 турниріндегі алғашқы матчын өткізді.
Осы жеңістің арқасында Бразилия үш матчта жеті ұпай жинап, С тобында бірінші орынмен плей-офф кезеңіне өтті.
Жарнама