"Шахтердің" топтық кезеңге өтуі қиындау". Болат Есмағамбетов Конференция Лигасындағы бүгінгі матчтарға болжамын айтты

©сурет: kaz-football

Бүгін Конференция Лигасының плей-офф ойындары өтеді. "Қайрат" "Орталық" стадионда Эш қаласының "Фоласын" қабылдаса, "Шахтер" қонақта Израильдің "Маккабиімен" кездеседі. Қазақстандық белгілі жаттықтырушы, экс-футболшы Болат Есмағамбетов Vesti.kz тілшісіне қос клубтың топтық кезеңге өту мүмкіндігі жайлы пікірін бөлісті.

- Болат мырза, бірінші ойыннан кейін "Қайраттың" Конференция Лигасына өту мүмкіндігі жоғарылағаны белгілі. Бүгінгі матчтан не күтесіз?

"Қайрат" сырт алаңда 4:1 есебімен ұтқандықтан, қарымта ойында ешқандай қиындық болмайды. Бірінші ойынды көрдім. Люксембургтік команданы мықты деп айта алмаймын.

- Бүгін сонымен қатар "Шахтер" мен "Маккаби" кездеседі...

"Шахтер" мен "Маккаби" арасындағы матчқа тоқталсам, кеншілерге оңай болмайды. "Шахтердің" топтық кезеңге өтуі қиындау болады. Ол ойынның фавориті "Маккаби". Әрине, футболда әртүрлі жағдай болады. Бірақ, бұл жағдайға шынайы көзқараспен қарауымыз керек. Қарағандылықтарға шегінуге жол жоқ. Сондықтан өз мүмкіндігін пайдаланып, пенальти сериясына дейін жеткізуге болады.

- Жарысты Чемпиондар Лигасында бастаған "Қайрат" қазір Конференция Лигасында жалғастырып жатыр. Осы орайда "халықтық" команда үшін еуро маусым сәтсіз болды деп есептейсіз бе?

Егер "Қайрат" еуро турнирлерінің барлығынан шығып қалса, "Қайрат" үшін биылғы маусым сәтсіз болды деуге негіз болар еді. Алайда Конференция Лигасының топтық кезеңіне өтіп жатса ол да жақсы нәтиже.

- Клубқа жаңадан келген Құрбан Бердыев жайлы не айтасыз?

Құрбан Бердыев маусым соңына дейін жұмыс істейді. Егер бәрі дұрыс болып жатса, тағы екі жыл келісімшарты бар. Алексей Шпилевский, Кирилл Кекер сынды бапкерлер әлі жас. Тәжірибесі аз. Бердыев өте білікті маман. Бапкер ретінде Ресей чемпионы болды. Чемпиондар Лигасында көпшілікті таң қалдырды. Егер Құрбан Бекиұлы келесі жылы "Қайратта" қалып жатса, клубта біраз өзгерістер орын алады. Командаға жаңа ойыншылар тартады.

Еске салайық, "Қайрат" пен "Фола" кездесуі елорда уақытымен 20.00-де басталса, "Маккаби" – "Шахтер" ойыны 23:30-ға жоспарланған.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки: