Сегіз гол соғылды. Хорватияны ұтқан Испания ширек финалға шықты

Сурет: Reuters©

Хорватияны ұтқан Испания құрамасы Еуро-2020 турнирінің ширек финалына өтті, деп хабарлайды Vesti.kz.

1/8 финалдағы матч Копенгагендегі "Паркен" стадионында өтті. Бұл матчте испандар 5:3 есебімен жеңді. 

20-минутта испаниялық қақпашы Унаи Симон пасты қабылдай алмай, допты өз қақпасына жіберіп алды. 38-минутта Пабло Сарабия гол соғып, таразы басы теңесті. 

57-минутта испан қорғаушысы Сесар Аспиликуэта өз командасын алға шығарды. Кейін Испания құрамасы үшінші голын салды - 77-минутта Феррар Торрес көзге түсті. 

Ал ойын соңына қарай хорваттар есепті теңестіре алды, 85-минутта Милас Оршич гол соқса, бірнеше минуттан соң Марио Пашалич ойынды овертаймға ауыстырды. 

Бірақ қосымша уақытта Альваро Мората мен Микель Оярсабаль гол салып, Испания 5:3 есебімен жеңді.