Бүгін, 12 тамызда қазақстандық шабуылшы Дастан Сатбаевтың "Челси" клубымен келісімшарты футболшының кәмелеттік жасқа толуына байланысты ресми түрде күшіне енді. Ол 18 жасқа толды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Болашағы зор футболшының ағылшын клубына ауысатыны туралы ақпарат 2025 жылдың басында белгілі болған еді. Тараптар 2033 жылға дейін келісім жасасты. Transfermarkt мәліметінше, трансфер құны 2,4 миллион еуроны құрады.
Сатбаев "Челсидің" орналасқан жеріне тек биыл шілде айында қосылды. Оның Англияға көшуі кәмелетке толмаған футболшылардың халықаралық трансферіне тыйым салатын ФИФА ережелеріне байланысты кейінге қалдырылған болатын. Соған қарамастан қазақстандық футболшы лондондық клубтың бірнеше бақылау матчына қатысып, тіпті алғашқы голын да соғып үлгерді.
Бұған дейін шабуылшы қысқа мерзімді жалға алу шартымен өзінің бұрынғы клубы "Қайратқа" қайта оралуы мүмкін екені хабарланған болатын. Карьерасын жалғастырудың тағы бір нұсқасы ретінде "Челси" қожайындарының бір иелік құрылымына кіретін франциялық "Страсбур" клубы аталған.
Айта кетейік, "Челси" – Англияның алты дүркін чемпионы, ел кубогын сегіз рет, Лига кубогын бес рет және Англия Суперкубогын төрт рет жеңіп алған клуб.
Халықаралық аренада лондондық команда Чемпиондар лигасын, Еуропа лигасын және УЕФА Суперкубогын екі реттен жеңіп алды. Сонымен қатар "Челсидің" қоржынында Конференция лигасы мен клубтар арасындағы әлем чемпионатындағы екі жеңіс бар.