Футбол
17 маусым 2019 11:10

Салах "Реал" мен "Ювентус" ұсыныын қабылдамады

© Football.ua
Англиялық "Ливерпуль" мен Мысыр құрамасының шабуылшысы Мохамед Салах мадридтік "Реал" мен туриндік "Ювентуске" ауысудан бас тартты, - деп хабарлайды Mirror.

Басылым мәліметінше, "Реал" мен "Ювентус" Салах үшін 150 миллион фунт стерлинг (190 миллион доллар) беруге дайын болып, нақты ұсыныс жасаған екен. Алайда форвард англиялық клубта қалғысы келген.

Сонымен қатар, Салахтың командаласы Садио Мане трансфері бойынша да ұсыныстар жасалапты, бірақ, сенегалдық та клубтан кететін сыңай танытпаған. 

Өткен маусымда "Ливерпуль" Англия премьер-лигасында "Манчестер Ситиден" бір ұпай кем жинап, екінші болды. Дегенмен Юрген Клопп жаттықтыратын команда финалда "Тоттенхэм" командасынан басым болып, Чемпиондар лигасын ұтып алды. 

Салах "Ливерпуль" сапында 2017 жылдан ойнайды. Содан бері ол 104 матчте 71 гол соғыпты. Мысырлықтың келісімшарты 2023 жылға дейін есептелген.

Мұның алдында CIES Football Observatory зерттеу орталығы әлемнің ең қымбат футболшыларының тізімін жариялаған. Салах рейтингте (219,6 миллион еуро) екінші, оның алдында ПСЖ форварды Килиан Мбаппе (252,2 миллион еуро) тұр.