"Манчестер Юнайтед" клубының шабуылшысы Криштиану Роналдудың анасы Долорес Авейру ұлының Джорджине Родригеске үйленуіне қарсы, деп хабарлайды Vesti.kz басылымы Cuatro порталына сілтеме жасап.
Роналду жайлы түсірілген деректі фильмде Родригес те сұхбат берген. Өз сөзінде ол футболшымен тұрмыс құрғысы келетіндігі жайлы айтқан. Алайда толыққанды той-думан жасауына түрлі кедергілердің барын жасырмайды.
Осы орайда Cuatro басылымы Роналдудың досына сілтеме жасай отырып, португалиялықтың анасы қарсы екендігін жазады. Анасының пікірінше Джорджиненің тұрмысқа шығудағы мақсаты – қаржы мәселесін реттеп алуында дейді.
Бүкіләлемдік БАҚ өкілдері Роналду мен Джорджиненің үйлену тойы жайлы қауесетті бірнеше жылдан бері жазып келеді. Тіпті кейбір басылымдар қос жұптың Мароккода шағын тойы болған деседі.
Еске салайық, Роналду мен Родригес 2016 жылдан бері бірге тұрады. Олардың Алана Мартина деген ортақ қыздары бар. Сонымен қатар, Криштианудың суррогат анадан туған кіші-Криштиану, Ева және Матео есімді бала-шағасы бар.