"Манчестер Юнайтедтің" бұрынғы шабуылшысы Алан Брэйзил команда ойыншыларының қазіргі бапкер Эрик тен Хагқа қатынасы туралы айтып берді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Оның айтуынша, футболшылар маманның Криштиану Роналду мен Джейдон Санчоға қатысты шешіміне наразы.
"Бұл менің естігенім... "Манчестер Юнайтед" ойыншысы бұл туралы жақсы танысыма айтыпты. Қазіргі таңда ойыншыларда бапкер жоқ десе де болады. Мүлде жоқ.
Футболшыларға оның Криштиану Роналдуға істегені ұнамапты, сонымен бірге, Санчо да дамыл көрмей еңбектенетін тамаша жігіт еді", - деп береді Аланның сөзін Talksport.
Роналду "МЮ" сапынан 2022 жылы күзде клуб пен бапкерді сынаған даулы сұхбаттан кейін кеткен болатын. Ал Санчоны бапкер 3 қыркүйекте "Арсеналға" қарсы ойынға шығармады. Ондай шешімді маман футболшының дайындығы нашар дегенмен түсіндірді. Алайда Санчо мұндай шешімге басқа себептер түрткі болды деп бапкердің өтірігін ашып тастады. Қазіргі таңда Санчо негізгі командамен жаттығудан шеттелген екен.