Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду ұлттық командалар үшін салған голдар бойынша әлемдік рекорд орнатты, деп хабарлайды Vesti.kz.
2022 жылғы әлем чемпинатына іріктеу матчінде Португалия құрамасы Ирландияны 2:1 есебімен ұтты. А тобындағы ойын Фару қаласында өтті. Алаң иелерінен Роналду дубль жасады (89 және 90+6 минутта), ирландиялықтар сапынан Джон Иган (45) гол салды.
Роналду бұл кездесуде құрама үшін 110 және 111-ші голын салып, әлемдік рекорд орнатты. Португалиялық форвард ирандық Али Даеидің (109) жетістігінен асып түсті.
Ойынның 15-ші минутында Криштиану пенальтиде мүлт кетті. Ол 18 жастағы голкипер Гэвин Базунуден айласын асыра алмады.
Ал пенальти алдында жайсыз оқиға болды. Роналду допты тепкелі тұрғанда ирландиялық қорғаушы Дара О'Ши допты шетке қағып жіберді. Португалиялық оны бірден шапалақпен салып қалды, ал Дара сол сәтте басын ұстап құлай салды. Дегенмен төреші ешкімді жазаламады.