Португалия құрамасының және «Аль-Наср» клубының шабуылшысы Криштиану Роналду өз спорттық ұзақ ғұмырының басты құпиясымен бөлісті, деп хабарлайды Vesti.kz.
40 жастағы Роналду әлі де клуб деңгейінде және Португалия құрамасында ойынын жалғастырып келеді.
«Ұйқы — менің басты құралыма айналған. Мен қашан ұйықтау және қашан ояну керек екенін қатаң сақтаймын. Мысалы, мен түнгі 11–12 шамасында ұйықтап, таңғы 8:30-да оянамын. Бұл — менің күн тәртібім.
Мүмкін, денсаулықты сақтаудың ең маңыздысы осы шығар», — деді 40 жастағы Роналду Whoop платформасында жарияланған бейнежазбада.
Криштиану Роналду Сауд Арабиясының «Аль-Наср» клубында 2023 жылдың қаңтарынан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде ол барлық турнирлерде 112 матч өткізіп, 99 гол соғып, 21 нәтижелі пас берген. Футболшының клубпен келісімшарты 2027 жылдың жазына дейін жарамды.
Жарнама