Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду 2026 жылғы әлем чемпионатына өзі үшін ерекше статистикамен келіп отыр, деп хабарлайды Vesti.kz.
Аңызға айналған шабуылшы ұлттық құрама сапында қатарынан үш матчта гол соға алмады.
Соңғы рет мұндай ұзақ голсыз серия португалиялық футболшының құрамамен бірге Еуро-2024 турнирінде тіркелген болатын. Ол кезде Роналду турнирді голсыз аяқтап, бес матч қатарынан қарсылас қақпасын дәл көздей алмаған.
Жуырда Нигерия құрамасына қарсы өткен жолдастық кездесуде (2:1) Португалия құрамасының бас бапкері Роберто Мартинес үзілістен кейін құрамды толықтай жаңартты. Ол барлық алаң ойыншыларын алмастырды.
Тек Роналду ғана алаңда қалды. Шабуылшы ойынды жалғастырып, 64-минутта ғана ауыстырылды.
Соған қарамастан, футболшының әлемдік футбол тарихындағы орны ерекше болып қала береді. Роналду ұлттық құрама сапындағы матчтар саны мен соққан голдары бойынша абсолют рекорд иесі саналады.
Ол Португалия құрамасы үшін 228 матч өткізіп, 143 голдың авторы атанған.
Жарнама