Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду Испаниямен өткен 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалындағы матч өзінің әлемдік додалардағы соңғы ойыны болғанын растады, деп хабарлайды Vesti.kz.
АҚШ-тың Техас штатындағы Арлингтон қаласында өткен кездесуде Испания құрамасы 1:0 есебімен жеңіске жетті. Осы жеңілістен кейін Португалия турнирден шығып қалды.
"Әлем чемпионатымен осылай қоштасу, әрине, өкінішті. Бірақ кеше баспасөз мәслихатында айтқанымдай, барымды салдым және бұл турнирден ар-ұятым таза күйде кетіп барамын. Бұл – футбол, футболшының өмірі осындай. Кейде жеңесің, кейде жеңілесің. Ең бастысы – алға жылжу. Иә, бұл менің соңғы әлем чемпионатым болды. Енді ойланып, отбасыммен бірге уақыт өткізуге мүмкіндік болады. Өмір жалғасуда", – деді Роналду DAZN арнасына берген сұхбатында.
41 жастағы Роналду үшін 2026 жылғы әлем чемпионаты карьерасындағы алтыншы мундиаль болды. Ол әлем чемпионаттарында жалпы саны 27 матч өткізіп, 11 гол соқты және екі нәтижелі пас берді. Алайда әлем чемпионы атану арманы орындалмады.
Еске салайық, Португалия жарыстан шығып қалғаннан кейін Испания құрамасы турнирдегі жорығын жалғастыруда. Ширек финалда испаниялықтар Бельгия құрамасымен кездеседі.
Жарнама