Грозныйлық "Ахмат" клубының бұрынғы бас бапкері Сергей Ташуев Воронеждің "Факел" командасын жаттықтыруы ықтимал, деп хабарлайды Vesti.kz.
Ресейлік инсайдер Иван Карповтың мәліметінше, 66 жастағы маман алдағы уақытта Бірінші лигадағы (ФНЛ) клуб тізгінін қайта ұстамақ. Ол команданың қазіргі жаттықтырушысы Игорь Шалимовты алмастырады. Басшылық Шалимовпен келісімнен бас тарту туралы шешім қабылдаған.
Сергей Ташуев бұған дейін де Воронежде жұмыс істеген болатын, алайда, 2024 жылдың сәуір айында отбасылық жағдайға байланысты қызметінен кеткен. Дегенмен ол жұмыстан кеткен соң бір күн өте отбасына қатысты барлық мәселенің шешілгенін мәлімдепті.
Соңғы жылдары Ташуевтің жаттықтырушылық мансабы ерекше өрбуде: оның жұмыс орындары үнемі "Ахмат" пен "Факел" арасында ауысып келеді. Соңғы маусымдарда ол екі клубта кезектесіп жұмыс істеп үлгерген.
Айта кетейік, бұған дейін Ташуев Қазақстан футбол федерациясымен ұлттық құраманы басқару жөнінде келіссөз жүргізуі мүмкін екені хабарланған болатын. Ол бұл туралы сұраққа жауап бере отырып, ұлттық құрамада жұмыс істегісі келетінін және шабуылға құрылған, үстемдік ететін ойын стилін қалыптастыруға дайын екенін айтқан. Алайда соңғы деректерге сәйкес, бұл нұсқа енді қарастырылмайды – Ташуев бапкерлік қызметін Ресейде жалғастырады.
Жарнама