Ресейдегі қазақстандық футболшылар ойындарын жалғастыра алатын уақыт белгіленді

Исламбек Қуат (ортада). Сурет: "Оренбург" ФК
Қазақстандық үш футболшы өнер көрсететін Ресей премьер-лигасы 21 маусымда қайта басталып, 21 шілдеге дейін ойындар өткізеді. Бұл шешімді Ресей футбол одағының (РФО) атқару комитеті қабылдады, - деп хабарлайды ұйымның ресми твиттер желісі. 

Командаларға бір матчте бес ойыншы алмастыруға рұқсат берілген. Ал шешуші матчтер өтпейді - 15 және 16 орын алған командалар ғана жарыс жолынан шығады. Ойындар көрерменсіз өтеді, кездесулердің кестесі кейін жарияланады. Ресей Кубогы да жанданады, алайда, екінші (ҰФЛ) және үшінші (КФЛ) лига 17 наурызда тоқтаған күйі қалды.

РПЛ-дегі "Ростов" командасында Бахтиер Зайнутдинов, "Сочиде" - Акмаль Бахтияров және "Оренбургте" Исламбек Қуат өнер көрсетеді. Биылғы маусымда Зайнутдинов 12 ойында үш гол салып, екі ассист жасады, Қуат үш, ал Бахтияров - екі матчте ойнады.