Ресей құрамасы жолдастық матчта Мысыр командасынан жеңіліп қалды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Кездесудегі жалғыз гол 65-минутта соғылды. Мысыр шабуылшысы Мостафа Мохаммед қорғаушы Мохамед Ханидің пасын сәтті аяқтап, командасына жеңіс сыйлады.
Айта кетейік, бұл ойында мысырлықтардың басты жұлдызы Мохамед Салах алаңға шыққан жоқ.
Валерий Карпин жаттықтыратын Ресей құрамасы үшін бұл 2025 жылдың қарашасынан бергі алғашқы жеңіліс болды. Ол кезде ресейліктер Чили құрамасына 0:2 есебімен есе жіберген еді.
Маусым айында Ресей құрамасы тағы екі жолдастық матч өткізеді. Қарсыластары - Буркина-Фасо және Тринидад пен Тобаго құрамалары.
Ал Мысыр құрамасы Ресеймен өткен кездесуден кейін Бразилиямен ойнап, кейін 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысады.
Топтық кезеңде мысырлықтар Бельгия, Жаңа Зеландия және Иран құрамаларына қарсы матч өткізеді.
Жарнама