Қызметіне білек сыбана кірісуді көздеп отырған мадридтік "Реалдың" бас бапкері Хаби Алонсо келесі маусымға арналған өршіл жоспарын құрып тастады, деп жазады Vesti.kz.
Cadena Ser мәліметінше, 43 жастағы маман шабуыл шебін Килиан Мбаппе мен Винисиус Жуниор сынды қос жұлдыздың әлеуеті төңірегінде қалыптастырмақ. Алонсо екі бірдей тактикалық схема — 5-3-2 және 4-4-2 нұсқаларын қарастырып отыр. Осылайша, ол шабуылдағы дәстүрлі үштік жүйеден бас тартуға дайын сияқты.
Алайда бұл өзгерістер құр формациямен шектелмейді. Алонсоның жоспарына қарағанда, Родриго Гоэс алдағы маусымда негізгі құрамда ойнамайды. Тіпті, бразилиялық шабуылшыны осы жазда-ақ сатып жіберу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Клубтағы өзге де ардагерлердің болашағы бұлыңғыр. Атап айтқанда, Лука Модрич пен Лукас Васкес секілді ойыншылардың командадан кетуі де жаңа бапкерлік штабтың күн тәртібінде тұр.
Айта кетейік, Родриго қазіргі маусымда 50 матч өткізіп, 13 гол соғып, 10 нәтижелі пас берген. Оның мадридтік клубпен келісімі 2028 жылдың жазына дейін күшінде, ал Transfermarkt порталы ойыншыны 100 миллион еуро деп бағалап отыр.